Қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін - дауылды ескерту жарияланды

фото: pixabay

Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлеріне циклон мен онымен байланысты атмосфералық фронттардың әсер етуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады. «Қазгидромет» алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады.

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, дауыл болуы мүмкін. Елдің шығыс және оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда 26-27 тамызда түнгі уақытта жаңбырдың арты қар аралас жаңбырға ұласуы ықтимал.

Атмосфералық қысымы жоғары өрістің ықпалында болатын Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде жауын-шашынсыз, негізінен құрғақ ауа райы күтіледі.

«Жауын-шашынға қарамастан, еліміздің басым бөлігінде ауа температурасының жоғарылауы сақталады. Жаздың соңғы күндері негізінен жылы болады: солтүстікте күндіз ауа температурасы +25…+32 °С, орталық және оңтүстік өңірлерде +25…+35 °С, шығыста +16…+24 °С-тан +20…+31 °С-қа дейін жоғарылайды», – делінген синоптиктер болжамында.