1 қыркүйектен бастап шетелде жүрген қазақстандықтарға паспорт рәсімдеу тәртібі өзгереді

фото: gov.kz

Қазақстанда шетелде жүрген азаматтардың паспорт рәсімдеу үшін қайда және қалай құжат тапсыратынына қатысты тәртіп жаңартылды. 

Тиісті өзгерістер ҚР Сыртқы істер министрінің 2026 жылғы 17 тамыздағы бұйрығымен енгізілді. Жаңа тәртіп 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары паспорт рәсімдеу үшін еліміздің сол мемлекеттегі дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне жүгіне алады. Атап айтқанда, бұл қызметті шетелде тұрақты тұратын азаматтар, шетелде оқып жүрген студенттер мен еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер, Қазақстаннан тыс жерде туған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері пайдалана алады.

Сонымен қатар мұндай мүмкіндік шетел азаматтарының отбасы мүшелеріне, дипломатиялық қызмет өкілдерінің туыстарына, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жақындарына күтім жасайтын адамдарға беріледі. Сондай-ақ шетелде ұсталған, қамауда отырған немесе жазасын өтеп жүрген Қазақстан азаматтары да паспорт рәсімдей алады.

Егер Қазақстанның шетелдегі мекемесі «Шетелдегі мекемелерге арналған халықты құжаттандыру және тіркеу» цифрлық жүйесіне қосылған болса, паспорт 40 жұмыс күні ішінде рәсімделеді.

Ал аталған жүйеге қосылмаған жағдайда паспорт рәсімдеу мерзімі 90 күнтізбелік күнге дейін созылады.

Құжат тапсыру үшін кезекте күту уақыты 30 минуттан, ал өтініш берушіге тікелей қызмет көрсету 10 минуттан аспауға тиіс.

Құжаттар қабылданғаннан кейін шетелдегі мекеме оларды екі күнтізбелік күн ішінде дайындап, дипломатиялық пошта арқылы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жібереді. Одан әрі құжаттар тексеру және паспорт әзірлеу үшін Ішкі істер министрлігіне жолданады.

Ішкі істер министрлігіне құжаттарды тексеріп, паспорт дайындау үшін 30 күнтізбелік күнге дейін уақыт беріледі. Дайын құжат кейін Сыртқы істер министрлігіне жіберіледі. Министрлік оны 25 күнтізбелік күн ішінде тиісті шетелдегі мекемеге жолдайды.

Паспорт шетелдегі мекемеге түскеннен кейін өтініш берушіге құжаттың дайын болғаны бес күнтізбелік күн ішінде хабарланады.

Дайын паспорт азаматтың өзіне немесе оның заңды өкіліне беріледі.

Жаңа қағидаларда ЖСН-ы жоқ 14 жасқа дейінгі балаларға алғаш рет паспорт рәсімдеу тәртібі де жеке қарастырылған.

Мұндай жағдайда Қазақстанның шетелдегі мекемесі балаға ЖСН беру рәсімін бастайды. Ішкі істер министрлігі тиісті электрондық өтінімді екі жұмыс күні ішінде қарайды.

ЖСН берілгеннен кейін бала туралы мәліметтер цифрлық жүйеге енгізіліп, паспорт рәсімдеуге өтінім жолданады.

Егер жүйе арқылы ЖСН қалыптастыру мүмкін болмаса, құжаттар қағаз түрінде рәсімделіп, Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктеріне жіберіледі.