Алматыда көпқабатты тұрғын үй өртеніп, бір адам қаза тапты

  • AstanaTV
  • 24 тамыз 2026

Алматыда көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, бір адам қаза тапты. 148 адам құтқарылып, 4 адам ауруханаға жеткізілген.  Тілсіз жау неден тұтанды, оқиға қалай болды? Тілшіміз Әйгерім Есенкелді куәгерлермен тілдесті.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Өрт дәл осы тұрғын үйде болған. Қазір ғимарат ішінде ешкім жоқ. Кіре берісте полиция қызметкерлері күзетте тұр. Тұрғындарын ғана ішке кіргізіп, қажетті заттарын алып шығуына мүмкіндік берген. Ал бөгде адамдардың кіруіне рұқсат жоқ. Себебі қазір мұнда өрттің шығу себептерін анықтау бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Төтенше жағдай түнгі сағат 10 шамасында болған. Өрт  кабельдік шахтадағы тұтанудан болуы мүмкін деген болжам бар. Дабыл құтқарушыларға қоңырау шалғанға дейін 1 жарым сағат бұрын қосылған. Бірақ,  үй кешеннің  қызметкерлері тиісті деңгейде әрекет етпеді дейді тұрғындар.

АЙНҰР МАҚАТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бір сәтте түтін қатты шыға бастады, өткір, ащы түтін, басында қатты қорқып кеттім. Сымдар жанып жатыр деп ойладым. Адамдарды шығарып жатты. Мен иісті сезіп өзім шықтым. Ес-түссіз жатқан адам көп болды.

ЗЛАТА СТЕПАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Құбырдан су ағып жатыр, дабыл соның әсерінен деп тыныштандырды. 1 жарым сағаттан кейін от ішінде қамалып қалып, осы маңдағы туыстарымыз арқылы шықтық. Өрт туралы тек өрт сөндіру көліктері келгенде ғана білдік. Есімізден танып жаттық. Қаза тапқан қыз- алты жаста. Әпкемнің айтуынша, қызға жүрек массажын қолмен жасаған. Түсінесіз бе? Тіпті арнайы құрал-жабдық болмаған.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тілсіз жаудың өршуіне өрт туралы хабардың кеш түсуі себеп болған. 148 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды. 4 адам ауруханаға жеткізілген.

АЙДАР СКАБАЕВ, АЛМАЛЫ АУДАНЫ ТЖБ БАСШЫСЫ:

Алғашқы бөлімшелер 5 минут ішінде оқиға орнына келген сәтте 13 қабатты тұрғын үй кешенінде кабельдер отқа оранғаны анықталды. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт 00 сағат 14 минутта сөндірілді. ТЖД күштері 148 адамды құтқарды. Бұдан бұрын өрт техникалық тексеру нәтижелері бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылықтарын жою туралы ұйғарым берілген.

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:

Алты адам медициналық көмекке жүгінді.Зардап шеккендердің үшеуі Қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Тексеру нәтижелері бойынша бір пациент ауруханаға жатқызылды, екеуі амбулаториялық бақылауға жіберілді.Тағы екі жәбірленуші ОҚКА-ға жатқызылды, онда оларға қажетті медициналық көмек көрсетіледі.

Полиция қазір адам өліміне қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді және өрттің нақты неден пайда болғаны анықталуда.