1 қыркүйектен бастап педагогтерді аттестаттау тәртібі өзгереді

  • AstanaTV
  • 24 тамыз 2026

1 қыркүйектен бастап  педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәсілдері енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жыл соңына дейін созылатын сынақ жобасында мұғалімнің біліктілігі тестілеумен ғана шектелмейді. Енді басты басымдық «Ұстаз» ұлттық платформасындағы педагогтің кәсіби цифрлық бейініне, сабақ беру сапасы мен күнделікті жұмысының нәтижесіне беріледі. Сондай-ақ эссе жазу мен авторлық бағдарлама әзірлеу сияқты артық талаптар алынып тасталды. Ең бастысы - бұрын берілген біліктілік санаттары жойылмайды, ал жоғары санаттар үшін белгіленген 30-дан 50 пайызға дейінгі қосымша ақы бұрынғыша төлене береді.

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ:

Жаңа пилоттық жоба аясында педагогтердің білімін бағалау тестілеуі санат берудің жалғыз негізгі өлшемі болмайды. Одан шекті балл жинай алмау мұғалімнің қолданыстағы біліктілік санатын автоматты түрде жоюға негіз саналмайды. Аттестаттау комиссиясы ең алдымен сабақты жоспарлау мен өткізу сапасын, оқушылардың білім алу динамикасын және педагогтің нақты кәсіби нәтижелерін сараптайды.