Халықаралық олимпиада жеңімпаздары Ақордаға жиналды

Биыл қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Олар білім бәйгесінен 200 рет алтыннан алқа таққан. Әсіресе физика пәнінен биыл тарихи жетістікке қол жеткіздік. 5 бірдей финалисіміз бірінші орын иеленген. Бүгін Мемлекет басшысы білім додасының жүлдегерлермен Ақордада жүздесті. Салтанатты шараға ұздіктердің ұстаздары мен тәлімгерлері де қатысты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әрқайсыңыз әлемнің ең зияткер оқушыларымен бәсекеге түсіп, беделді білім додаларында топ жардыңыздар. Көк Туымызды биікке көтеріп, еліміздің абырой-беделін арттыруға мол үлес қосып жүрсіздер. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Қазақстанның жарқын болашағы – ойы ұшқыр, білімді, дарынды жастардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Сіздер ел мақтанышы деген атқа лайықсыздар!

Дәуірдің басты қаруы  - ғылым мен білім. Сондықтан заманның нағыз батырлары - олимпиада шыңын бағындырған оқымыстылар екені даусыз. Қасым-Жомарт Тоқаев  қажырлы ізденісі үшін оқушылардың әрқайсысына 500-ден 1500 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сыйақы табыстады. Шәкірттері топ жарған ұстаздар мемлекеттік наградаларға ие болды. 

АЙЗЕРЕ ЖЕҢІСХАНОВА, ХИМИЯДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗЫ:

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы, былтыр Ақордада халықаралық олимпиада жеңімпаздарын алғаш рет қабылдағаныңызды көргенімде мен де сіздің қолыңыздан осы сертификатты алсам екен деп армандаған едім. Қазір осыған қолжеткізіп, ерекше қуанып тұрмын. Әлемнің үздік оқушыларымен білім додасына  түскенде еліміздің абыройы үшін жауапкершілікті сезіндім. Мемлекетіміздің сенімін, қолдауын ақтап, елімізді дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Сіздің қолдауыңыз бізге ерекше жігер сыйлайды.