Жылыту маусымына дайындық: энергия нысандарын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді

Қазақстанда энергетикалық кешенді алдағы жылыту маусымына дайындау жұмыстары жалғасуда. Биыл электр станцияларын, электр және жылу желілерін жөндеуге 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, генерация мен инфрақұрылымның негізгі нысандарын қамтиды. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

2026 жылы электр стансаларында 9 энергия блогын, 55 қазандықта және 51 турбинаны жөндеу жоспарланғаны атап өтілді. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 33 қазандықта және 24 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңдерде жүргізілуде.

Осы жылы жөндеу жұмыстарына 384 млрд теңге көзделген, бұл өткен жылдың деңгейінен 9% жоғары.

Сондай-ақ өңірлік электржелілік компаниялардың электр желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың шақырым электр беру желілерін және 444 қосалқы стансаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда электр беру желілерінің 91% және қосалқы стансалардың 84%  жөндеу аяқталды.

Жылумен жабдықтау желілерінде 377 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоcпарланған. Оның 246 шақырымы немесе 65%-ы аяқталды.

Министр сондай-ақ энергожүйе жұмысының сенімділігін арттырудағы оң динамиканы атап өтті. Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 5,6%-ға төмендеді.

Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,2 млн тонна көмір жинақталды, сондай-ақ 137 мың тонна мазут қоры қалыптастырылды, бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға жоғары.

Министрлік қыркүйек айынан бастап көлемі 255 мың тонна құрайтын «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесін бекітті.