Үйлі болу - әрбір жанның арманы. Елде баспана алуға мүмкіндік беретін бағдарлама көп. Тек олардың талабы әртүрлі. Қолжетімді баспанаға қол жеткізудің қандай жолдары барын әріптесім Айғаным Тұрысбек зерттеді.
Баспанаға қол жеткізудің бір жолы- қаржыны ерте бастан жоспарлап, жүйелі түрде жинау. Айсұлу Сьезхан оған мектеп қабырғасында жүріп кірісіпті. Алғашқы жинақ шотын 10-сыныпта ашқан ол 16 жасынан бастап ақша жинап, 21 жасында елордадан пәтер алған.
АЙСҰЛУ СЪЕЗХАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Менің ата-анам ең алғаш 35 жасында үйлі болды. Ипотекалық бағдарламамен алған еді. Оған дейін пәтерден-пәтерге көшіп өмір сүрдік. Сондықтан ата-анамның 40-қа дейін үйсіз жүргені маған мотивация болды. Степендиямнан жинадым, қосымша жұмыс істедім. Жалақым, қосымша табысым түскенде 100 пайызын қиып салатын кездерім де болды.
Айсұлу бұл баспананы «Наурыз» бағдарламасы арқылы жылдық 9 пайызбен, 12 жылға рәсімдеген. Енді ол өзгеге жалдау ақысын төлемейді, өз шаңырағының игілігіне қаржы құйып отыр. Ел бойынша соңғы 4 жылда осы бағдарламаның игілігін көріп, баспаналы болғандар саны 15 мыңнан асқан.
НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, "ОТБАСЫ БАНКІ" АҚ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Наурыз ипотекасына қатысу үшін де соңғы 5 жылда өзіңнің, отбасының атында үй болмау керек. Бұл жерде депозит көмекке келеді. Депозиттің жылы, жинағыңыз кем дегенде 2 млн астам болу керек. Наурыз бойынша барлық пәтерлер баспана маркет порталы арқылы ала алады. Мысалы, құрылыс компаниясы бағаны көтеріп жібермей үшін біз алдын ала белгілі бір бағамен саламыз.
Баспана кезегінде тұрғандар табысы тексерілген соң жалдамалы үйге өтінім бере алады. Ал бұл талапқа сай келмесе, 2 және 5 пайыздық «Бақытты отбасы» бағдарламасы бар. Ол үшін 10 пайыз бастапқы жарна жинап, соңғы 5 жылда атыңызда үй болмаса жеткілікті. Бұдан бөлек, нарықта «50/50» бағдарламасы, қыз-келіншектерге арналған «Ұмай», «Жасыл ипотека» және жуырда іске қосылатын «Ислами ипотека» сияқты жобалар бар. Ал жастар үшін өңірлік арнайы бағдарламалар қарастырылған.