Астанада жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші анықталды. Анықталғандай, бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылған ер адам белгіленген тыйымды елемей, қайтадан Chery автокөліктің тізгініне отырған. Мәңгілік Ел көшесімен қозғалып келе жатқан жүргізуші BYD автокөлігімен жол-көлік оқиғасына түсіп, кейін оқиға орнынан кетіп қалған.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, оны әкімшілік жауаптылыққа тартты. Сот шешімімен оған 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Полиция азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және өз өмірі мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге шақырады. Белгіленген шектеулерді елемеу қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке әкеп соғады.