ОСК Құрылтай сайлауының қорытындысын бекітті

ОСК

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының XV отырысы өтті.

Күн тәртібіне сәйкес «2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлаудың қорытындыларын белгілеу және сайлаудағы дауыс беру қорытындылары бойынша депутаттық мандаттарды бөлу туралы» мәселе қаралды. 

Отырысты ашқан Нұрлан Әбдіров нақтыланған тізімге сәйкес сайлаушылардың жалпы саны 12 623 289 адамды құрағанын атап өтті. Дауыс беру күні азаматтардың өтініштері бойынша, сондай-ақ сайлау учаскелеріндегі тіркеу туралы мәліметтерді тексеру және азаматтарды учаскелердің мекенжайлары бойынша 1 тәулікке уақытша тіркеу жөніндегі онлайн-сервистер арқылы 17 501 адамға дауыс беру мүмкіндігі берілді. Сайлауға барлығы 9 351 539 адам қатысты, бұл тізімге енгізілген барлық сайлаушы санының 74,08%-ын құрайды.

Айта кетейік, 15 наурызда өткен референдум науқанымен салыстырғанда, осы сайлауда дауыс берген сайлаушылар саны 224 357 адамға артты. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бұл көрсеткіш халықтың электоралдық мәдениет деңгейінің өскенін көрсететінін атап өтті.

Сонымен қатар, 85 576 адам үйден дауыс берді, ал есептен шығару куәлігін алған азаматтардың 88%-ы дауыс берді.

Бюллетеньдерді санау қорытындысы бойынша сайлаушылардың дауыстары төмендегідей бөлінді:

«Әділет» партиясы - 6 528 948 дауыс немесе 71,17%;

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 469 058 дауыс немесе 5,11%;

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы - 97 751 дауыс немесе 1,07%;

Қазақстан Халық партиясы - 285 395 дауыс немесе 3,11%;

«Ауыл» партиясы - 574 621 дауыс немесе 6,26%;

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы - 478 083 дауыс немесе 5,21%;

«Respublica» партиясы - 509 631 дауыс немесе 5,56%;

«Бәріне қарсымын» - 230 446 дауыс немесе 2,51%.

ОСК Төрағасы сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын жинаған бес саяси партия арасында депутаттық мандаттар бөлінетінін атап өтті.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының 145 мандаты төмендегідей бөлінді:

«Әділет» партиясы - 110 мандат;

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 8 мандат;

«Ауыл» партиясы - 10 мандат;

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы - 8 мандат;

«Respublica» партиясы - 9 мандат.

ОСК басшысы саяси партиялардың өкілдерінің назарын депутаттық мандаттардың партиялық тізімге енгізілген кандидаттар арасында бөлінуі тиіс екеніне аударды. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін 30 пайыздық жиынтық квотаны көздейтін конституциялық заң талаптарының сақталуын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті.

«Құрылтай сайлауы жалпыұлттық қолдауға ие болған конституциялық реформаның қорытындысы бойынша жаңартылған сайлау заңнамасына сәйкес өтті. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, сайлау науқаны белсенді әрі еркін жағдайда өтті. Азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың еркін ерік білдіруі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Халықаралық байқаушылар сайлау органдарының сайлаушыларды ақпараттандыру бойынша ауқымды әрі инклюзивті науқан өткізуін, сайлауға тиімді дайындық жүргізуін және дауыс беру күнін ұйымдастыруын да жоғары бағалады», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайлауды өткізу барысында еліміз бойынша учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің атқарған зор рөлін де атап өтті. Бұл жұмысқа 247 аумақтық және 10 423 учаскелік сайлау комиссиясы тартылды. Олардың құрамына 71 мыңнан астам комиссия мүшесі кірді. Бұл ретте олардың 1%-дан азы ғана сайлау комиссияларында тұрақты кәсіби негізде жұмыс істейді. Орталық сайлау комиссиясы комиссия мүшелерін, байқаушыларды, саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін оқыту үдерісіне үлкен мән береді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде сайлау заңнама талаптарына толық сәйкес өткізілді.

«Сайлау науқанының барлық кезеңі сайлау процесін ұйымдастырудағы негізгі қағидаға айналған «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде ұйымдастырылды. Дауыс беру күні сайлау рәсімдеріне 51 мыңнан астам ұлттық байқаушы және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 777 байқаушы байқау жүргізді. Сайлау учаскелерінде сайлау барысын жариялаған шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де болды. Оның ішінде қазақстандық БАҚ-тың 1 852 өкілі және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 117 журналисі қатысты. Сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге атсалысқан баршаңызға алғысымды білдіремін», - деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.

Отырыстан кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары үшін дәстүрлі брифинг өтті. Брифинг барысында олар журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді.