Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім тапшылығын жою мен біліктілік арттыру мәселесіне назар аударды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жою және ұстаздардың біліктілігін арттыру қажеттігін айтты.

Президенттің сөзінше, бұл бағытта жүйелі шаралар қолға алынып, нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның арқасында білім саласын таңдаған жастардың қатары көбейіп келеді.

«Бұл – жақсы үрдіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биылдың өзінде мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грант иегері атанғанын атап өтті. Олардың 2 мыңнан астамы мектепті «Алтын белгімен» бітірген.

Дегенмен кадр мәселесін түпкілікті шешу үшін әлі де жұмыс жүргізу қажет.

«Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп екенін айтты. Бұл жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр.

Президент аталған мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс екенін атап өтті.