Қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы азайып келеді – Қасым-Жомарт Тоқаев

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажеттігін айтты.

Президент Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізген.

Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы жағдайды жақсы деп айту қиын.

Мемлекет басшысы тиісті министрлік пен әкімдік Түркістан облысындағы ахуалға назар аударуы керек екенін атап өтті. PISA ұйымының зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының мәз емес екенін көрсеткен.

«Бұл – аймақтың оқу-ағарту жүйесінде олқылықтар әлі бар деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент облыстағы жағдайды дағдарыс деп айтуға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысында білім алып жатқан оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Сондықтан олардың жан-жақты және қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс.

Осыған байланысты қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тарту қажет.

«Бұл – Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет, жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Жалпы, төмен нәтиже көрсеткен барлық аймақтың әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек.

Президент Үкіметке осы жұмысты тиімді үйлестіруді тапсырды.