Қызылорда қаласындағы көпбейінді облыстық балалар ауруханасында екі айлық нәресте қайтыс болды. Осы жағдайға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, іс медицина қызметкерінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу дерегі бойынша тіркелген.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істі тергеу барысы Полиция департаментінің бақылауында.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәресте жедел жәрдем бригадасымен көпбейінді облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген.
Басқарманың хабарлауынша, емдеу барысында Республикалық клиникалық орталық мамандары балаға бірнеше рет телемедициналық кеңес берген.
Қазір аталған жағдайға байланысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәрестенің өліміне нақты не себеп болғаны тергеу нәтижесінде анықталмақ.