Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі сотталды. Олар 800-ден астам көлікті заңсыз тіркеуге қойған. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, топ екі жыл бойы заңсыз схема арқылы көлік тіркеген. Алдымен техникалық талаптарды бұзып әкелінген 642 жүк көлігі заңсыз тіркелсе, кейін Қазақстанда бұрын есептен шығарылған көліктердің VIN-кодтары қолданылып, тағы 209 жеңіл көлік рәсімделген. Схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мен жеке нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізіп, жалған сенімхаттар рәсімдеген. Мемлекетке төленбеген тіркеу және утиль алымдарының жалпы сомасы 6,6 миллиард теңгеден асты. Сот әрқайсысына қылмыстағы рөліне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
Тергеу барысында көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сонымен қатар сот үкімімен сотталғандардың қылмыстық табысқа сатып алған бес автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді. Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Қатысы бар нотариустарға сот нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.