Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өлімі: сотта жәбірленушілердің жауабы тыңдалды

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2026

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста жәбірленушілер мен куәгерлердің жауабы тыңдалды. Ал айыпталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушылары істі прокуратураға қайтаруды сұрады. Алайда судья өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

АСХАТ АЛИМОВ, ЗАҢГЕР:

Қорғау тарапы Жубаниязованың қауіп туралы білгенін, оны алдын ала анықтап, апатты болдырмауға нақты мүмкіндігі болғанын және оның әрекеті мен зардап арасында себеп-салдарлық байланыс барын дәлелдеуді талап етеді. Алайда айыптау материалдарында бұл байланыс толық әрі қайшылықсыз дәлелденбеген.

Сотта жәбірленуші Гүлнар Қалиева да сөз сөйледі. Айтуынша, қайғылы оқиға болған күні ол сіңлісімен бірге үйдің қасбеті құлаған аумақта болған. Оларға көмек көрсетуге келген фельдшерлер жұмыс істеп жатқан кезде Ұлдана Мырзуан да үйінді астында қалған. Оқиға кезінде Гүлнар Қалиеваның миы шайқалып, басы мен денесінен түрлі жарақат алған. Ол сотта сол сәттің ауыр болғанын айтып, денсаулығына байланысты жұмыс істей алмай қалғанын жеткізді.

ГҮЛНАР ҚАЛИЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Қазір мен де сіңілім де жұмыс істей алмаймыз. 3 группа инвалидность берді. Қолымда металл тұр. Қарашада операция жасатам. Бір отбасыдан 3 адам жарақат алып отырмыз. Қарап отырсам бізді ысырып қойған. Болған жағдайға кім жауапты?