«Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыру жоспары бекітілді

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2026

Цифрлық трансформацияның жаңа кезеңі басталады. Үкімет 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыру жоспарын бекітті. Құжат ел экономикасын цифрландыруды жеделдетіп, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды кеңінен енгізуге бағытталған.

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Технология түрленіп, жаһан жаңаға бет бұрды. Жасанды интеллектіні сан салаға енгізіп, цифрлық экономиканы да дамытып жатыр. Біздің елде көштен қалыс қалмай Диджитал Қазақстан жоспарын ұсынды.

Стратегия аясында негізгі үш бағыт қарастырылады. Азаматтар мен бизнеске арналған цифрлық сервистерді дамыту, экономиканың негізгі салаларын технологиялық жаңғырту және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау бойынша нақты шаралар жүзеге асырылады. Сондай ақ бірқатар салаларда серпіліс болады.

РОСТИСЛАВ КОНЯШКИН, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Медицина саласын алсақ, қазірдің өзінде медициналық кескіндерді автоматты түрде талдау технологиясы қолданылып жатыр. Ол белгілі бір ауруларды әлдеқайда жылдам анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ құрылыс құжаттамаларын талдау жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл адам факторын азайтып қана қоймай, процестерді жеделдетуге мүмкіндік береді.

Бүгінде жұрттың жұмысын жеңілдетуге eGov GPT қосымшасы іске қосылған. Ақылды платформада 50 мемлекеттік қызметті қарапайым чат арқылы алуға болады. Жасанды жүйеге жүгінгендердің саны артып, алғашқы жартыжылдықта халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратындардың саны 30% азайған.

ӘЛІБЕК САЯНБАЕВ, ҚР ЖИЦДМ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛАРДЫ ДАМЫТУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бізде Егов эй ай деген жасанды интеллект ассистенті болған былтырдан бері. Ол 2 миллионнан астам өтініш қабылдап, жауап берген. Осы бір айдың ішінде біз Егов ЖПТ мультиагенттік жасанды интеллект жүйесін қосып қойдық. Оның айырмашылығы не десеңіз.Егер егов эй ай сұраққа жауап берсе, егов ЖПТ тек қана жауап бермей сіздің орныңызға іс қимыл жасап, сізге бәрін дайындап береді.

Цифрлы саланың сиқырлы тетіктері медициналық ұйымдардың 95%-ын бір ортаға жинайды. Сонымен бірге 2028 жылы мектеп, колледж және жоғары оқу орындары түлектерінің кемінде 80%-ы жасанды интеллект саласында базалық білімге ие болады. Иә, жақын арада жастың да жасамыстың да жасанды интелектіден жасқанып қалмайтыны анық.