Қазатомөнеркәсіп өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау көрсетуде

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2026

Қазатомөнеркәсіп биылғы жылдың 6 айында өңірлерді дамытуға 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Компания мен оның еншілес кәсіпорындары денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет саласындағы жобаларға қолдау көрсетіп, жол мен тұрғын үй құрылысына және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға қатысады. Атап айтсақ, Қызылордада Достық үйі, Жаңақорған ауданында 2 спорт кешені мен Түркістан облысының Созақ ауданында тұрғын үй пайдалануға беріліп, «Шиелі – Тайқоңыр» жолы жөндеуден өтті. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жобалары жүзеге асуда. Мемлекет басшысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Қазатомөнеркәсіп Шолаққорғанда орталық аурухана салуға 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді. Ал ғылыми-зерттеу жұмыстарына 2 миллиард теңгеден астам инвестиция бағытталды. Компанияның өндірістік көрсеткіштері де тұрақты. Алғашқы жартыжылдықта уран өндіру көлемі 9 пайызға артып, 13 мың тоннадан асты.