Арзан кірпішке қызыққан: Астаналық тұрғын 1,3 млн теңгесінен айырылды

Фото: ixbt.com

Астанада полицейлер құрылыс материалдарын жеткізіп беремін деген сылтаумен тұрғыннан 1,3 млн теңге алған күдіктіні анықтады

Тергеу мәліметінше, 44 жастағы елорда тұрғыны жәбірленушіге құрылысқа қажетті кірпішті арзан әрі қысқа мерзімде жеткізіп беруге уәде берген. Оның сөзіне сенген азамат алдын ала төлем ретінде 1,3 млн теңгені күдіктінің жеке есепшотына аударған.

Алайда ақшаны алғаннан кейін ер адам уәдесінде тұрмаған. Алдымен тапсырысты түрлі сылтаумен кейінге қалдырып жүрген. Кейін жәбірленушімен байланысын мүлдем үзген.

Жәбірленуші полицияға арызданғаннан кейін жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің кім екені анықталды. Ол өз кінәсін мойындаған.

Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды құрылыс материалдары мен басқа да қымбат тауарларды сатып алғанда сатушының жеке басын, қызметінің заңдылығын және іскерлік беделін мұқият тексеруге шақырды.