Қазақстан green-tech шешімдерін бүкіл ел аумағында кең ауқымда енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ТМД-да алғаш рет электромобильдерге арналған толық автономды күн энергиясымен жұмыс істейтін зарядтау станциясының таныстырылымы барысында белгілі болды.
Презентация ҚР Экология және табиғат ресурстары вице-министрі Мансур Ошурбаевтың төрағалығымен өткен көшпелі жұмыс кеңесі аясында өтті. Іс-шараға Көлік министрлігі, елорда әкімдігі, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының өкілдері қатысты.
Станция қалай жұмыс істейді?
Жаңа жасыл хаб «Алатау» спорт кешенінің аумағында орналасқан. Оны «BOLASHAQ POWER» ЖШС отандық кәсіпорны әзірлеген.
Станция толықтай автономды түрде жұмыс істейді және қалалық электр желілеріне қосылмаған. Ол қуаты 100 кВт күн генерациясы мен сыйымдылығы 645 кВт·сағ энергия жинақтағыштарын біріктіреді.
Сондай-ақ бұл жоба Қазақстанның Жасыл таксономиясының критерийлеріне сәйкес келеді.
Мұндай станцияларды қайда орнатпақшы?
Кеңеске қатысушылар негізгі республикалық автожолдардың бойында, қалаларда, өнеркәсіптік кәсіпорындарда және басқа да инфрақұрылым объектілерінде осындай автономды станцияларды орналастыру мүмкіндігін талқылады.
Мансур Ошурбаевтың айтуынша, басты міндет – жекелеген көрсетілімдік жобалардан аймақтарда осындай технологияларды кеңінен қолдануға көшу.
«Біз жекелеген жасыл объектілерді емес, жаңартылатын энергетика, электркөлік, инновациялық технологиялар мен көміртекті жобалар біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін тұтас төмен көміртекті экономика инфрақұрылымын құруымыз тиіс», – деп атап өтті вице-министр.
Мұның қандай пайдасы бар?
Күн зарядтау станцияларының желісін дамыту электркөлік инфрақұрылымын кеңейтуге және оны пайдалану кезіндегі көміртекі ізін азайтуға бір мезгілде мүмкіндік береді.
Осындай станциялар желісін дамыту Қазақстанға Париж келісімінің 6-бабы аясында сапалы климаттық жобалар портфелін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жеке инвестицияларды тартуға серпін беріп, көлік саласындағы парниктік газдар шығарындыларын жүйелі түрде азайтуға жол ашады.