«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі шықты

фото: gov.kz

Қазақстандық 184 азамат биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Сонымен қатар 51 қазақстандық ғалым әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Telegram-дағы парақшасында хабарлады.

Республикалық комиссияның шешімі бойынша «Болашақ» бағдарламасы аясында 137 азамат магистратурада, 10 азамат докторантурада білім алады. Ал 37 маман шетелдік ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өтеді.

Бұдан бөлек, «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы арқылы 51 қазақстандық ғалым әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарына барып, өз саласы бойынша тәжірибе жинақтайды. Олардың қатарында атом өнеркәсібі, медицина, инженерия, жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетика және биотехнология сияқты жоғары технологиялық бағыттар бар.