Астанада жолдардың кейбір учаскелерінде уақытша шектеулер енгізіледі.
Алаш тасжолындағы жөндеу жұмыстарының мерзімі ұзартылды. Ал Қ. Аманжолов көшесі бірнеше күнге толық жабылады.
Астана әкімдігі хабарлағандай, Астанада Қ. Аманжолов көшесінің Ш. Қалдаяқов көшесінен Райымбек батыр көшесіне дейінгі бөлігінде жол төсемінің жоғарғы қабатын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты 26-29 тамыз аралығында аталған учаскеде автокөлік қозғалысы толығымен жабылады.
Сондай-ақ Алаш тасжолында көлік салмағын өлшейтін датчиктерге арналған бетон жабындысы төселіп жатыр. Ауа райы жағдайлары мен өндірістік қажеттілікке байланысты Алаш тасжолындағы жөндеу жұмыстарының мерзімі 10 қыркүйекке дейін ұзартылды.
Жұмыс жүргізілетін учаскенің ұзындығы – 400 метр. Бұл жерден автокөлік қарама-қарсы бағыттағы жолақпен жүре алады.
«Жүргізушілер мен жаяу адамдарға өз бағыттарын алдын ала жоспарлап, жол қозғалысындағы ықтимал өзгерістерді ескеру ұсынылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықтарды барынша азайту үшін уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылады», делінген хабарламада.