Алматы облысында наубайшы пышақ жарақатынан көз жұмды

  • AstanaTV
  • 27 тамыз 2026

Алматы облысының Кеңдала ауылында наубайшы пышақ жарақатынан көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, қайғылы жағдайға жанжал себеп болған.

56 жастағы тұрғын наубайшыға екі рет пышақ сұққан. Полиция күдіктіні көп ұзамай ұстаған. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның өзге де мән-жайын әріптесім Ғазиза Әмірбек  айтады.

35 жастағы Алижан күнделікті ауыл тұрғындарына нан мен самса пісіріп, нәпақасын осы кәсіптен тауып жүрген. Ауылдастарының айтуынша, марқұмның күдіктімен бұрыннан таныстығы болыпты.  Екеуі көрші тұрған көрінеді. 

БАҚДӘУЛЕТ ЕРКІН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

2-3 айдан бері екеуі қырылысып қалған. Самсасы ұнамады деген ба ішіп келіп. Содан ерегісіп сол күні неғып кетіпті ғой, сразу ұстады ау көршісі деді ғой. Скорый келсе өліп қалыпты уже.

АРАЙЛЫМ ҚАБАҚОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Постоянно барып нанын аламыз, самса аламыз дегендей. Жаманшылығын көрген жоқпыз. Біреумен соғысып жатқанын, біреуге жаман сөз айтып жатқанын естімедім мен өз басым.

Оқиға кешкі сағат 9 шамасында болған. Тұрғындардың айтуынша, сол күні жауған жаңбырдан ауылда жарық сөніп, бейнебақылау камералары да істен шыққан. Соған қарамастан, полиция күдіктінің кім екенін көп ұзамай анықтап, оны қолға түсірді. Қазір 56 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторында.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 56 жастағы күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта ол өз кінәсін мойындап отыр. Тергеу жалғасуда. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде.

Күнделікті кәсібімен елге танылған азаматтың өмірі аяқ астынан үзілді. Отбасы үшін бұл орны толмас қайғы.