Астанада 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста оқиға кезінде зардап шеккендерге көмек көрсеткен аға фельдшер мен құтқару жұмыстарына қатысқан Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері куәлік берді. Аға фельдшердің айтуынша, медициналық бригада келгенде Ұлдана Мырзуан жерде жатқан. Оның үстін кірпіштің шаңы басып, басынан жарақат алған. Фельдшерлер қанын тоқтатып, оны зембілмен жедел жәрдем көлігіне жеткізген.
АҚТЫМАҚ СЫЗДЫҚОВА, АҒА ФЕЛЬДШЕР:
Ұлдана етпетінен жатты. Үстін кірпіштің шаңы басқан. Басындағы жарадан қан ағып жатты. Қан тоқтату үшін бинт бастым. Кейін оны зембілге салып, жедел жәрдем көлігіне жеткіздік. Нұсқаулық бойынша төтенше жағдай болған жерге кіруге болмайды. Бірақ онда зардап шеккен адамдар болды. Төтенше жағдайлар қызметі әлі келген жоқ. Адамдар көмек сұрап жатты. Сондықтан біз зардап шеккендерге көмектесуге кірдік.
Құтқарушылар оқиға болған жерге диспетчердің шақыртуынан кейін төрт минутта жеткен. Аумақты тексеру кезінде дүкеннің артқы жағынан тағы екі зардап шеккен адам табылған. Олар кірпіштер мен құрылыс материалдарының арасында жатқан. Құтқарушылар екеуін де үйінді астынан шығарып, медицина қызметкерлеріне тапсырған.
АЯН КЕМПІРОВ, ҚАЛЫЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨРТ СӨНДІРУШІСІ:
Біздің басты міндетіміз - зардап шеккен адамдарды үйінді астынан шығару болды. Сол себепті құлаған кірпіштер мен құрылыс материалдарының нақты көлемін есептеуге мүмкіндік болған жоқ. Кейін басқа қызметкерлер ғимараттың шатырына көтеріліп, ондағы кірпіштерді алып тастады.