Непалдағы селден із-түзсіз жоғалғандар арасында қазақстандық азаматша бар

  • AstanaTV
  • 27 тамыз 2026

Непалдағы су тасқынынан жоғалып кеткендер арасында бір қазақстандық бар. Ол туристік топ құрамында Қытайға шекара арқылы өткен.Қазір  қайда екені белгісіз. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Непалдағы алапат селден қаза тапқандар саны 175-ке жетті. 28 елден келген 476 шетел азаматы із-түзсіз жоғалған. Билік өкілдері жаңа деректер түскен сайын қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің саны өзгеруі мүмкін екенін ескертті. Апат Непал мен Қытай шекарасындағы аумақтарды қамтыды. Қытайдың Тибет автономиялық ауданында да жүздеген адам жоғалған. Қазір екі елде де іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:

Азаматшамыздың қайда екені әзірге белгісіз. Хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстандық дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдармен арадағы жұмысты жалғастыруда.

Апатқа мұздықтың опырылуы себеп болуы мүмкін. Геологтардың мәліметінше, мұздық шамамен 1200 метр биіктіктен аңғарға құлаған. Соның салдарынан мұз, тас пен лай араласқан алып масса өзенге түсіп, жойқын тасқынға ұласқан.

СТЕФАН ДЮЖАРРИК, БҰҰ ӨКІЛІ:

БҰҰ-ның Қытайдағы өкілдігі де Қытайдың Тибет автономиялық ауданында елеулі шығын, көптеген адам қаза тауып, ауқымды қирау болғанын хабарлады. БҰҰ Даму бағдарламасы өз кезегінде деректерді басқару үшін ресурстарын жұмылдырып,  еріктілер жіберіп жатыр. Одан бөлек спутниктік суреттерді алуға және осы су тасқынынан зардап шеккен аумақтарға талдау жасауға тырысудамыз.