Ақмола облысында 8 жыл бұрын салынған мектеп жабылуы мүмкін

Астана іргесіндегі Қаражар ауылының тұрғындары арнамызға хабарласты. Елдімекенде 2018 жылы салынған мектеп жабылмақшы көрінеді. Себебі, ауылда жаңа мектеп салыныпты, енді балаларымызды күштеп сонда ауыстырып жатыр дейді. Оны оқу жылының басталуына санаулы күн қалғанда ғана ескертті деп наразы.

Ауыл тұрғындары жиналды. Балаларды жаңа мектепке ауыстыруға олар қарсы. Жаңа салынған мектеп үйден алыста және оған барар жол дұрыс емес дейді.   Бастапқыда ата-аналарға аудандық білім бөлімінен келген өкілдер мектеп жабылмайды, еш уайымдамаңыздар деп уәде берген көрінеді.  Енді басқаша айтып жатқан көрінеді.

ГҮЛНАЗ УМАРОВА, ҚАРАЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ол жерде не тротуар жоқ. Жарық дұрыс емес. Қыстыгүні қатынауға қиын болады. Өріп жүрген иттер көп. Ертең балаларымызды ит қауып алмауына кім кепіл? Өйткені, менің 3-і балам екінші сыныпта оқиды. Оларды қалай алып барып, алып келемін. 3 баламен қатынау үшін жұмыс істемеуім керек.

Ата-аналар Целинград аудандық білім бөлімінен жауап талап еткен. Дәл сол білім ошағының қабырғасында жергілікті шенеуніктер ауыл жұртымен кездесті. Алғашында тараптар сұрақ-жауап алмасқанымен, арты  дауға айналды. Оның да себебі жоқ емес. Білім бөлімі ауылдың шетінде тұратын жеткіншектерге автобус ұсынған. Алайда, ата-аналар барлығы бірдей көлікпен қамтылмайтынына алаңдаулы.

Аудандық білім бөлімінің ақпаратынша, 2018-і жылы бой көтерген  білім ордасы 120 адамға лайықталған.  Бала көбейген соң жаңа мектеп салынды дейді. 

ТҰРАР ҚАРАТАЕВ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Келешек мектебі 1200 орындық. Бірақ, онда 450 бала ғана оқиды. Ал бұл 120 орындық мектепте 150 бала оқиды. Соңғы 5 жылда адам санының өсу динамикасы зерттелді. Нәтижесінде, өсім байқамадық. Бір жағы бюджет қаржысын тиімді пайдалану мақсатында, балаларды сол сыныбымен, сол мұғалімімен ешқандай қиындықсыз ауыстыру мәселесі көтерілген. Ол жерде барлық қызметкерлер де, мұғалімдер де өзінің сағатынан айырылмай, жұмыс орны қалады. Оқушылар да өзінің сыныбымен барады.

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Бұл дау ушығуы мүмкін. Себебі, 160 баланың ата-анасы құжаттарын лицейге 3 күн ішінде өткізуі керек. Бірақ, оған балалар да, ата-аналары да қарсы. Тіпті, осы мектепте түнейміз,- дейді. Алайда, кәмелетке толмаған бала мектепке бармаған жағдайда ресми органдар заң бойынша іске араласады.  Ең қызығы, оқушылар ұстаздарымен бірге жаңа мектепке ауысады делінгенімен, педагогтер бұл туралы естімегендерін айтуда.