Шетелдік интернет-компаниялар 4 жылда 178,8 млрд теңге салық төлеген

  • AstanaTV
  • 27 тамыз 2026

Ел бюджетіне шетелдік цифрлық сервистерден түсетін салық көлемі артып келеді. Қоғамда «Google салығы» аталып кеткен бұл төлемнен 2022 жылдан бері қазынаға 178,8 миллиард теңге түскен. Биылдың өзінде алғашқы жеті айда 51,5 миллиард теңге аударылған. Ал өткен жылы бюджетке ең көп салық төлегендердің қатарында Temu, Apple, Steam және Google бар.

«Google салығы» деген атау болғанымен, бұл бір ғана Google компаниясына салынатын салық емес. Қазақстанда интернет арқылы тауар сататын немесе электронды қызмет көрсететін шетелдік компаниялар қосылған құн салығын төлейді. Қазір мұндай салық төлеушілердің қатарында әлемге танымал 133 компания бар.

АЙБАР ОЛЖАЕВ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ САРАПШЫ:

Халықаралық технологиялық компаниялар елімізде цифрлық-электрондық қызмет көрсететін секторға бөлінеді. Олар бізде тіркелу керек. Өкілдігі болу керек немесе жалпы құжаты болу керек. Налоговый резидент атану керек. Біздің еліміздің салық резиденті деп аталады.

Ал түсім көлемі жыл сайын өсіп келеді. 2022 жылы бюджетке 10,4 миллиард теңге түссе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 24,3 миллиардқа жеткен. 2024 жылы 35 миллиард теңге, ал былтыр 57,6 миллиард теңге жиналған. Биыл 1 қаңтар мен 1 тамыз аралығында ғана 51,5 миллиард теңге түскен.

Былтыр Бірінші орында – Temu-мен байланысты Elementary Innovation компаниясы болды. Ол жалғыз өзі бюджетке 13,3 миллиард теңге төлеген. Ал Apple мен Steam платформасының иесі одан кейінгі орындарға жайғасқан. Үш компанияның жалпы төлемі 34,8 миллиард теңге. Бұл – 2025 жылы түскен салықтың 60 пайызынан астамы.

АЙДАНА ТАКЕНОВА, МКК ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС ХАТШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

МКК шетелдік интернет компаниялардың салық міндеттемелерін тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Банктер мен төлем ұйымдарының алынатын төлемдер туралы мәліметтер компаниялар мәліметтерімен, айналымдарымен және төлен ҚҚС сомаларымен салыстырылады.

Шетелдік алпауыттардың Қазақстандағы қызметі артқан сайын, олардың бюджетке қосар үлесі де маңызды бола түспек. Сондықтан цифрлық нарықтағы компаниялардың салық міндеттемесін толық орындауы қазына қаржысын арттырары анық.