Президент Құрылтайдың бірінші сессиясында бірқатар маңызды заңдарды қабылдауды тапсырды

Ақорда

Депутаттар бірінші сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажет. Президент Құрылтайдың алғашқы депутаттарына тапсырма берді. 
 

“Мен осы жылы жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту, Digital Qazaqstan стратегиясы туралы бірқатар Жарлық шығардым. Үкімет осы бағыттар бойынша қажетті заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынады. Тағы бір мәселе. Біз елімізге кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл іске тың серпін беру үшін «Алтын визаны» енгізудің маңызы зор. Сонымен қатар еліміздің көші-қон саясатын жетілдіру қажет. Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдауы керек. Депутаттарымыз оны тезірек қарағаны жөн болар. Биыл Үкімет «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын да әзірлеп, Құрылтайға енгізуі қажет. Бұл – ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін қажетті құжат. Бұдан бөлек, мен таяуда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма бердім. Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Енді осы бастаманың заңнамалық негізін қалыптастыру қажет”, – деді Президент.