Көлік полициясы көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді анықтады

Polisia.kz

Көлік полициясы жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған екі мыңнан астам шетел азаматын анықтады. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов мәлім етті.

Жыл басынан бері департаменттің көші-қон қызметі бөліністері еліміздің теміржол және әуекөлігі объектілерінде көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды жүзеге асырды. Жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзудың 2730 фактісі анықталды. Соның ішінде 2 261 шетел азаматы жауапкершілікке тартылып, олардың 595-і сот шешімімен ел аумағынан шығарылды. Қос азаматтыққа қатысты 190 факт тіркелген, олар бойынша тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 469 азаматы көші-қон заңнамасының шетел азаматтарын қабылдау және олардың ел аумағында болуға қатысты талаптарын бұзғаны анықталды. Бұған қоса, еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 37 жұмысберуші жауапкершілікке тартылды.

 

Көлік полицейлері азаматтар арасында күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Жұмыс берушілерге, қабылдаушы тараптарға және халыққа көші-қон заңнамасының талаптары мен қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібі жан-жақты түсіндіріледі. Бұл департаменттің жедел қызмет көрсету учаскелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және көші-қон процестерін жіді бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Заң мен тәртіп баршаға ортақ. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген барлық шетел азаматтары көші-қон заңнамасының талаптарын орындауға міндетті. Осы ретте, барлық жұмыс берушілерді де еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтап, барлық қажетті құжаттарды уақтылы рәсімдеуге шақырамын, — деді Қ.Мәжікенов.