Бүгіннен бастап жаңа заң шығарушы институт – бірпалаталы Құрылтай өз жұмысына кірісті, - Е.Қарин

Бүгіннен бастап жаңа заң шығарушы институт – бірпалаталы Құрылтай өз жұмысына кірісті. Ерлан Қарин алғашқы сессия отырысы туралы ресми Telegram-каналында жазды.

Бұдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы бірпалаталы парламентке көшу идеясын ұсынған болатын. Жұмыс тобы мен Конституциялық комиссия аясындағы талқылаулардан, жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануынан және Құрылтай сайлауын өткізуден кейін арада 355 күн өткенде бұл бастама практикалық түрде жүзеге асты.

Құрылтай қандай өкілеттіктерге ие болды?

Жаңа жоғары өкілді орган билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін орнықты етуге бағытталған өкілеттіктерге ие болды. Құрылтай Вице-Президент пен Премьер-Министр лауазымдарына кандидаттарды, сондай-ақ Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның құрамын келіседі.

Әйелдер үлесі екі есе, жастар үш есе көбейді

Конституциялық реформа мен сайлаудан кейін депутаттық корпус құрамы едәуір өзгерді:

  • Әйелдердің өкілдігі екі есе артып, жастардың үлесі үш есе көбейді.

  • Депутаттардың орташа жасы 45 жасқа дейін төмендеді.

  • Бұрынғы Ұлттық Құрылтайдың 22 мүшесі және мәслихаттардың 26 экс-депутаты жаңа органға өтті.

  • Жаңа заң шығарушы органға Президенттік жастар кадр резервінің 10 өкілі, Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрт мүшесі және Ұлттық әйелдер істері комиссиясының бес өкілі сайланды.

  • Сонымен қатар, 24 депутаттың парламенттік жұмыс тәжірибесі бар.

Жаңа құрамға кімдер енді?

Құрылтайда мемлекеттік қызметшілер, партиялық функционерлер, ғалымдар мен сарапшылар, кәсіпкерлер, аграрлық сектор мен өнеркәсіп мамандары бар. Сондай-ақ депутаттар қатарына IT-саласының, шығармашылық, креативті және медиаиндустрияның, этномәдени бірлестіктердің, волотерлік қозғалыстың өкілдері мен жастар белсенділері сайланды.

Осылайша, депутаттық корпустың жаңаруы үлкен саясатқа жаңа қоғам қайраткерлері мен түрлі кәсіби сала өкілдерінің келуіне жол ашты.

Бірпалаталы Құрылтайдың жұмыс бастауымен Қазақстанда саяси жүйені институционалдық өзгертудің жаңа кезеңі іске қосылады. Жаңа заң шығарушы орган кеңейтілген өкілеттіктерге ие болып, оның депутаттық корпусы жасы, әйелдер мен жастардың қатысуы және кәсіби құрамы жағынан айтарлықтай өзгерді.