Құрылтай төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды

Құрылтай төрағасы болып  "Әділет" партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайланды. Конституцияның 57-бабына сәйкес, бұл лауазымға оны Президент ұсынды. Жасырын дауыс беру нәтижесінде үміткерді 144 депутат жақтады. 

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президентіміз бүгін алдағы жұмыс бағытымызды және нақты міндеттерді айқындап берді. Елімізде жүзеге асып жатқан реформалар мен ауқымы бізден байыпты шешімдер мен кәсіпқойлықты және қажырлы еңбекті талап етеді. Сонымен қатар, әр заңның, әр шешімнің артында нақты мақсат тұр. Ол – еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттігімізді нығайтып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру. Бұл жұмыстың негізінде халқымыз жаппай қолдаған жаңа Конституцияның құндылықтары мен қағидаттары жатуға тиіс. Басты міндет – оң өзгерістер нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табатын, заң мен тәртіп орныққан Әділетті Қазақстанды бірге құру ісін жалғастыру.

Ал Құрылтай төрағасының орынбасарлары болып Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиева сайланды.  Сондай-ақ, депутаттар  Құрылтайдың сегіз комитетін бекітті.  Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетін - Серік Егізбаев, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетін - Үнзила Шапақ, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін - Марат Қожаев, Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетін - Әмірбек Оспанбеков басқарады. Ал Асхат Аймағамбетов - әлеуметтік-мәдени даму комитетіне, Ольга Перепечина Қаржы мен бюджетке, Дархан Ахмедиев Цифрландыру, инновация және ғылыми комитетке, Наталья Годунова Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетіне  жауапты.