Астанада құрылыс алаңында кран мұнарасы құлап, краншы қаза тапты. Қайғылы жағдай салынып жатқан тұрғын үй кешенінің аумағында болған. Бұл жазатайым жағдай ма, әлде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы ма? Оқиғаның мән-жайын әріптесім Айғаным Тұрысбек анықтап көрді.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Қайғылы жағдай күні кеше дәл осы құрылыс алаңында болған. Оқиғаның мән-жайын көрген куәгерлер жауап беруден бастартып отыр. Әлеуметтік желідегі ақпараттарға сүйенсек, қайтыс болған азамат 36 жаста. Артында 3 баласы қалған.
Шақыру бойынша оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шұғыл жеткенімен, ер адамда өмір белгілері болмаған. Марқұмның денесі құқық қорғау органдарына тапсырылды.
АСТАНА ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша, абайсызда адам өліміне әкеп соққан қылмыстық іс қозғалды. 36 жастағы ер адам алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде түрлі болжам айтылуда. TikTok желісінде тараған видеоның астына қолданушылар құрылыс техникасының жағдайына қатысты пікір қалдырған.
БЛИЦ:
- Қиын жағдай. Кран түбінен сынған екен кеше көрдік.
- Астында трещина болған
- Желден емес шіріп кеткен кран. Айналаның бәрі шіріп кеткен.
- Сондай кран құлайтындай жел болған жоқ кеше. Бұданда қатты желдерде тұрды ғой құламай. Дұрыс орнатылмаған.
Тұрғын үй салынып жатқан аймақ «ARCH NET» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Мекеме өкілдері көз жұмған азаматтың өз қызметкерлері екенін мойындап отыр.
МЕДЕТ СӘРСЕМБАЕВ, ЖШС РЕСМИ ӨКІЛІ:
Толық мойындаймыз ол біздің қызметкер. Бәріне еңбек қауіпсіздігі туралы тиісті шаралар қабылдап жатырмыз. Заңмен белгіленген ретте тиісті, жауапты тұлға қылмыстық болсын заңмен жауапкершілікке тартылады. Біз одан қашпаймыз. Зардап шеккен тұлғаның жанұясына қатысты біздің фирмамыз толық материалдық шығынды өтеуге дайын.
Құрылыс алаңындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты тұлғаларға да заң бойынша жаза қатаң. Егер еңбек қауіпсіздігі ережелері бұзылып, соның салдарынан адам қаза тапқаны дәлелденсе, кінәлілер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 156-бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.