Бүгінде елдегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 миллион оқушы білім алады. Оның 380 мыңы бірінші сыныпқа барса, 227 мың түлек алдағы оқу жылында мектептен түлеп ұшады. Биыл білім саласында бірқатар өзгерістер болады. Жасанды интеллект сабағы, қауіпсіздік курстары оқытылады. Балаларға жаңа ас мәзірі ұсынылады.
Жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны «Конституция негіздері», «Заң және Тәртіп», «Жеке қауіпсіздік» оқу курстарымен толықтырылады.
Жасанды интеллект жылындағы жаңашылдықтар пән атауларынан да байқалады. Сонымен бірге 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект бойынша пилоттық жоба басталады.
ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Бастауыш сыныптарда бағалау тәсілдері жаңартылды. Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталды. Күнделікті (қалыптастырушы) бағалаудың рөлі күшейтілді. Диктанттар, мазмұндама, шығарма, жобалар, ауызша және практикалық жұмыстар секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде жүзеге асыратын болады
Оқушылардың ас мәзірі де жаңа тағамдармен толығады. Енгізілген стандарт бойынша тағамдағы қант 3,6 есеге, тұз 5 есеге азайтылып, көкөніс, жеміс-жидек пен сүт өнімдерінің үлесі артады. Ал баланың денсаулығына кері әсер ететін қант пен тұзы көп өнімдер мәзірден алынған.
САРХАТ БЕЙСЕНОВА, ҚР ДСМ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Осы мәзірлердің негізінде 2025-2026 оқу жылында барлық өңірде перспективалық мәзірлер бекітілді. Бұл ретте тамақтану стандарты бір реттік шара емес, балалардың тамақтануын ұйымдастырудың тұрақты тәсілі екенін атап өткен жөн. Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарының барлығында оны мәзір әзірлеу, азық-түлік сатып алу, сақтау және дайындау кезінде мүлтіксіз әрі жүйелі түрде сақтау қажет.
Оқу ордаларының да құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мектептерде заманауи сыныптар, стем кабинеттер оқушылар игілігіне жарап тұр. Баланың білімі бірінші орында болса, оның қауіпсіз жерде білім алуы күн тәртібінен түспейтін тақырып. Бүгінде білім ордалары бейнебақылау камераларымен қамтылған.
ҚҰРАЛАЙ КАРИНА, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тек жаз кезінде ғана балаларын бақыламаған 15 мың ата-ана жауапкершілікке тартылды. Полицияға 18 мың бала жеткізілді, олардың 1,5 мыңнан астамы қараусыз жүрген. Балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген 240 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды.
Бұл өзгерістердің барлығы оқушыларға түсетін оқу жүктемесін азайтып, олардың сапалы білім алуына және денсаулығына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.