Елімізде 763 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент білім алуда. Техникалық және кәсіптік білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 133 мың студент қабылдау жоспарлануда. Мемлекеттік білім беру тапсырысының 70%-ы техникалық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға бағытталатын болады.
Кәсіпорындардың өтінімдері негізінде, кейіннен міндетті түрде жұмысқа орналастыруды көздей отырып, 10 мыңнан астам студентті қабылдау жоспарлануда. Колледждерге құжаттарды қабылдау «OQU» бірыңғай платформасы арқылы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ Шынар Ақпарова білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысына басымдық берілетінін хабарлады. Оның айтуынша, тәрбие жұмысы жан-жақты дамыған, жауапты әрі отаншыл тұлғаны қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік білім беру саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
«Адал азамат» бағдарламасының бірыңғай дизайн-кодын кезең-кезеңімен енгізу еліміздің барлық мектептерінде жалғасын табатын болады. Оның мақсаты – заңға бағынатын, азаматтық жауакершілігі жоғары адал азамат тәрбиелеу. Жаңа Конституцияда айқындалған құндылықтарға сәйкес «Адал азамат» бағдарламасының брендбугі шығарылды. Ол жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында енгізіледі», – деді спикер.
Бірінші вице-министр 1 қыркүйек күні өткізілетін шараларға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, сынып сағаттарында жаңа Конституцияға қатысты ақпарат беріледі. Және де балардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.