Астанадағы сауда орталықтарының бірінде пышақпен адамдарды қорқытқан жігіт ұсталды

Фото: скрин

Құқық бұзушы 19 жастағы азамат болып шықты

Астанадағы «Abu Dhabi Plaza» сауда-ойын-сауық орталығында қолына пышақ ұстап, сатушылар мен келушілерді  қорқытқан жігіттің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Оқиға орнында болған куәгерлер сауда орталығының күзет қызметінің әрекетсіздігіне және қауіпсіздік деңгейінің төмендігіне шағымданған.

Жұмыс уақыты аяқталуға жақындағанда белгісіз жігіт сауда нүктелерінің бірінде электронды темекі талап етіп, сатушыны пышақпен қорқытқан. Бұдан кейін ол тауар сатып алған куәгердің әріптесін аңдып келіп, тікелей бутикке баса-көктеп кірген.

Ол қаша жөнелгенде көмек іздеп 1-қабатты толық айналып шықтым, бірақ бірде-бір күзетші таппадым.Әншейінде толып жүретін күзетшілер керегінде жоқ болып шықты. Ақыры бес күзетші жабылып жүріп бір баланы ұстай алмады. Адам өміріне қауіп төндірген бұл жағдайды жай қалдыруға болмайды, – дейді куәгер.

Сауда орталығында қолында пышағы бар азаматтың жүргені туралы хабарлама түскеннен кейін тәртіп сақшылары оқиға орнына жетті. Құқық бұзушы 19 жастағы азамат болып шықты. Ол бірден полиция басқармасына жеткізілді.

Тексеру барысында жас жігіттің пышақты үйінен алғаны анықталды. Сонымен қатар оның денсаулығында кінәраты бар. Оған жедел жәрдем шақырылып, кейін әкесіне тапсырылды, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Тексеру нәтижелері бойынша сауда орталығының әкімшілігіне осы жағдайдың туындауына ықпал еткен себептер мен шарттарды жою, сондай-ақ келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау туралы ұйғарым енгізілді.