Непалдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 600-ден асты

Фото: REUTORS

Непал мен Тибетте болған жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 623 адамға жетті.

Непал мен Тибетте болған жойқын көшкіндер мен су тасқынынан кемінде 623 адам қаза тапты. Тағы 2980 адам хабар-ошарсыз кеткен, оларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Непал мен Қытай билігі 29 тамыз күні мәлімдеді.

Сенбіге қарай Непалдағы құтқарушылар 616 адамның денесін тапқан. Тибетте тағы 7 адамның қаза болғаны расталды. Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары федерациясының бағалауынша, табиғи апаттан зардап шеккендердің саны 93 мың адамға жетеді.

Непал билігі бұған дейін хабар-ошарсыз кеткендердің арасында 517 шетел азаматы бар екенін мәлімдеген. Қытай билігі Тибетте із-түзсіз кеткен шетелдіктердің санын 260 адам деп бағалады.

Непал билігінің мәліметінше, хабар-ошарсыз кеткен шетелдіктердің ең көбі Үндістан азаматтары – 98 адам. АҚШ Мемлекеттік департаменті бейсенбі күні 90 америкалық азаматтың жоғалғанын хабарлады. Непалдағы Украина елшілігі жұма күні 62 азаматпен байланыс үзілгені туралы ақпарат бар екенін мәлімдеді. Непалдың Туризм кеңесі жұма күні 9 ресейліктің қайда екені белгісіз екенін, ал тағы 2 Ресей азаматының құтқарылғанын хабарлады. Сонымен қатар 8 Германия азаматы да хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.

Бейсенбі күні Тибеттегі апат аймағының орталығында құтқару жұмыстары қайта су басу қаупіне байланысты уақытша тоқтатылды. Қытайдың мемлекеттік CCTV телеарнасының хабарлауынша, лай мен үйінділер бөгеп қалған жерде пайда болған көлдегі су деңгейі көтеріле бастаған. Осыған байланысты барлық құтқару топтарына бір шақырым шегініп, бұдан арғы нұсқауды күту тапсырылды. Кейін апат болған аумақта құтқару жұмыстары қайта басталғаны хабарланды.

Алдағы үш күнде жауын-шашын күтілетіндіктен, көлдің көлемі айтарлықтай ұлғаюы мүмкін. Қытай билігі түнде қайта су тасқыны болу қаупі "жоғары" екені туралы ескерту жариялады.