Қарағандылықтар кеншілер күнін ерекше атап өтті. Орталық алаңда өткен концертке 250 мың көрермен жиналды.Қазақстан бойынша рекордтық концерттік бағдарлама өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
"Қайласы қайыспас қара нарларымыздың мерекесі құтты болсын! Қазыналы өлкенің тарихы кен өндірісімен тамырлас, ал кенші еңбегі қашанда еңбекқорлық пен қайсарлықтың үлгісі.
Биыл бұл мереке ел тарихында қалатын айтулы оқиғамен есте қалды”,-деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, мұндай ауқымды концерт Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Ұлыбритания, Италия, Испания, Моңғолия және ТМД елдерінен арнайы қонақтар келді. Олардың арасында қаламызға алғаш рет табан тіреп, Қарағандыны жаңа қырынан танығандар да аз емес деп атап өтті. Ауқымды шараны өткізу үшін қалада 5 гектардан астам жер бөлініп, арнайы алаң жабдықталған.
"Мұндағы ең басты мәселе – халықтың қауіпсіздігі. Елімізде тұңғыш рет концерт өтетін алаң төрт секторға бөлініп, жедел қызметтердің еркін қозғалуына арнайы жолақтар жасалды. Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, жағдай әуеден бақыланды. Көлік қозғалысы, медициналық көмек, құтқарушылар, еріктілер мен коммуналдық қызметтердің жұмысы алдын ала пысықталды.250 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік. Осыншама халық қатысқан мерекенің ұйымшылдықпен өтуі – көптеген мекемелердің бірлескен еңбегінің нәтижесі”,-деп жазды ол.
Кеншілер мерекесінің осындай жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосқан Qarmet компаниясына айрықша алғыс білдірді. Кеншілер күні – Қарағанды үшін күнтізбедегі қатардағы мереке емес. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне маңдай терін төгіп, адал еңбек еткен жандардың мерекесі. Сондықтан Qarmet үшін бұл – жай ғана кәсіби мереке емес, кеншіге деген құрмет пен алғыс білдіретін ерекше күн екенін айтты.
Концерттік бағдарламаны жоғары деңгейде ұйымдастырған Brave Talent продюсерлік орталығына ризашылығым шексіз! Әлемдік және отандық өнер жұлдыздарын бір сахнаға жинап, осындай алып шараның техникалық және ұйымдастыру жұмыстарын үйлестірудің артында үлкен кәсіби еңбек тұр.
"Сонымен қатар, барлық қызметтің жұмыла атқарған жұмысын ерекше атап өткім келеді. Қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз еткен полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары, құтқарушылар, дәрігерлер, коммуналдық және көлік қызметтері, еріктілер мен техникалық мамандарға шын ниетіммен алғыс айтам!Бірнеше сағатқа созылған үлкен мереке бірнеше айға жалғасқан дайындықтың, жүздеген адамның ерен еңбегінің арқасында жүзеге асты. Сол еңбектің лайықты бағасын кеше халық берді! Барша кеншілерді, сала ардагерлері мен кеншілер әулеттерін кәсіби мерекемен тағы да құттықтаймын! Қарағандының қара алтынын ел игілігіне жаратып жүрген Сіздердің адал еңбектеріңіз – Қазақстанның қуаты, берік тірегі!”-,делінген құттықтауда.