Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында балабақша есепшісі өзіне заңсыз түрде жоғары жалақы төлеп, бюджет қаражатының 30 млн теңгеден астамын иемденді деген күдікке ілінді.
Аудан прокуратурасының жүргізген тексерісі нәтижесінде балабақша есепшісі өзіне штаттық кесте бойынша бекітілген еңбекақыдан жоғары мөлшерде қосымша қаражатты өзінің банктік есеп-шотына 5 жыл бойы негізсіз аударып келгені анықталды.
«Осы факт бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемдену), тергеу жүргізуді Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Осы норманың санкциясы кінәлі тұлғаның мүлкін тәркілеп, белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады», – делінген прокуратура хабарламасында.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мән-жайлар жария етуге жатпайды.