Елімізде Вице-президент пен Үкімет басшысы тағайындалды

Елімізде Вице-президент пен Үкімет басшысы тағайындалды. Президент ұсынған кандидатураларды Құрылтай депутаттары қолдады. Сонымен Ерлан Қарин еліміздің тұңғыш Вице-президент болса, Олжас Бектенов Премьер-Министр лауазымына қайта бекітілді. Тарихи сәтке куә болып келген әріптесім Ақбота Базарбай толықтырады.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Құрылтайдың екінші отырысында елдің билік архитектоникасын түбегейлі жаңартқан тарихи сәтке куә болдық. Тұңғыш рет енгізіліп отырған Вице-президент институты мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапкершіліктің жаңа теңгерімін айқындап берді. Шешім де, таңдау саяси салмақпен жасалды.

Тұңғыш Вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасы ұсынылып, оны 141 депутат қолдап дауыс берді. Мемлекеттік кеңесші ретінде реформалардың басы-қасында жүрген саясаткердің бұл лауазымға тағайындалуы саяси тұрақтылық пен стратегиялық сабақтастықтың кепілі ретінде бағаланып отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Вице-Президент мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқарады. Сондай-ақ билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. Вице-Президент Құрылтай депутаттарымен және Үкіметпен тығыз жұмыс істейді. Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асырады.

Олжас Бектенов Премьер-Министр лауазымында қалатын болды. Оған 137 депутат дауыс берді. Мемлекет басшысы атқарушы билікке реформаларды жеделдетіп, экономиканы ілгерілететін батыл менеджердің қажеттігін атап өтті. Жаңа Үкімет басшысына бюрократияны азайтып, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру міндеті де жүктелді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналды. Түрлі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алдық. Алда әлі де көп жұмыс істеу керек. Жалпы еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін нығайтуға мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты мәселелер әлі де күн тәртібімізде тұр. Бұл мәселелерді ойдағыдай сәтті, шешуіміз керек бәріміз бірге.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қарин мен Олжас Бектеновті жеке қабылдады. Мемлекет басшысы бұл лауазымның Конституциямен бекітіліп, айрықша мәнге ие екенін айтып, Вице-президентке Құрылтаймен және Үкіметпен өзара іс-қимылда Мемлекет басшысы атынан өкілдік етуді тапсырды. Ал Премьер-Министрдің алдына экономикалық өсімнің тұрақты қарқынын қамтамасыз етіп, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мен орындаушылық тәртіпті күшейту міндетін жүктеді.