Алматыда 44 жастағы ер адам самокаттан құлап, алған ауыр жарақатынан көз жұмды. Ол құрылғыны басқара алмай бордюрге соғылған. Қайғылы оқиға Варламов көшесінде болған. Оқиға орнына жедел жеткен дәрігерлер реанимациялық көмек көрсеткен. Алайда оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Полицияның хабарлауынша, марқұм самокат тепкен кезде қорғаныс шлемін және басқа да жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбаған. Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Бұл жағдай самокат жүргізушілері үшін қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын тағы бір еске салады. Қорғаныш дулығасы мен басқа да сақтық құралдары артық талап емес, ең алдымен адамның өз қауіпсіздігі үшін қажет. Кей жағдайда бір сәттік құлау ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Сондықтан жолға шыққанда қауіпсіздікке немқұрайлы қарамаған жөн.