Қуыршақты қымбатқа сатудың астарында сәби саудасы болуы мүмкін бе?

Күдікті құқық қорғау органдары сейілтті. Бірақ мұндай тәсіл әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Яғни, адам саудасының астыртын әдісі саналады. Еуропа мен АҚШ тұрғындары талай дабыл қаққанын білеміз. Қарапайым ойыншыққа ойына келген бағаны қою елімізді бірінші рет кездесіп отырған жоқ. Қауесеттің шындыққа айналмасына кім кепіл? Әріптесім Назерке Алтынбек зерттеп көрді.

Европа елдерінде, Франция, Германия мен АҚШ-тың сату сайттарында қолданыста болған ескі ойыншықтар, жыртық қонжықтар мен қуыршақтар 10 мың долларға дейін бағалануда. Қоғам бұны «педофилдер мен бала саудалайтын астыртын желінің заңсыз коды» деп шулады.

КАТРИН ВЕСОЛОВСКИ, DW FACT CHECK ҚЫЗМЕТІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Ескі-құсқы ойыншықтардың осыншама ақшаға сатылуы күдік ұялатады! Ең сорақысы, ойыншықтардың сипаттамасында балалардың бойы мен салмағы сәйкес келетін жасы жазылған. Біз бұны толық зерттеуді сұрадық.

Дүрбелең күшейген соң, атақты Snopes, Reuters Fact Check ұйымдары мен халықаралық полиция тексеріс жүргізді. Олар мұны жүйелік қателіктер, пранкерлердің әдейі жасаған провокациясы немесе қолдан жасалған ерекше "Реборн" қуыршақтарының бағасы деп хабарлады. Дегенмен, мәселе тек ойыншықпен шектелмейді. Өмірде шынымен де өз шаранасын базардағы тауардай саудалайтындар бар.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Менің қолымда жазықсыз шарана. Бағасы  700 мың теңге. Қазір көшеге шығып, мына баланы кез келген өткіншіге саудалаймын. Бұл әлеуметтік эксперимент. Мақсатым, байқаусызда осы сұмдықтың куәгері болған азаматтар не істейді? Жағамнан алып, полиция шақырады ма? Әлде теріс айналып, жүре береді ме? Адамгершіліктің шегі қайда? Бірге білейік.

ЭКСПЕРИМЕНТ:

1-адам: Бала керек емес пе?

- Жо-Жоқ...

2-адам: бала керек емес пе?

- Жо-жоқ, балапаным, болады ма олай? Болмайды ғой!

5-адам: Жоқ, Алла сақтасын!

Өздеріңіз көргендей, бәрі  шошып, қаша жөнелді. Эксперимент басталғалы тура 7 минут өткенде, қасымызға тәртіп сақшысы келді. 

АЛИХАН ЖҰМАЖАНОВ, ҚР ІІМ КПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

2-3 адам келіп, шағым түсірді. Осындай оқиға болып жатыр. Бір белгісіз адам баласын сатайын деп жатыр деп теміржол вокзалы алдына. Біздің полиция қызметкерлері бірден реагировать етіп,  алдын алып, өзіңізге ескерту жасады.

Тұрғындар келеңсіз жағдайға  көз жұмбай, мәселені заң шеңберінде шешуге тырысты. Жалпы елімізде адам саудасына байланысты 41 қылмыс тіркелсе, соның ішінде кәмелетке толмағандарды саудалау бойынша 9 дерек әшкереленген. Ал баласын ақшаға айырбастаған безбүйрек ана да, оны сатып алған адам да қылмыскер саналып, темір торға тоғытылады.