Ертеңнен бастап биологиялық белсенді қоспаларды, халық арасында БАД деп танылған препараттарды сату ережесі өзгереді. Енді биологиялық активті қоспаларды міндетті түрде таңбалау қажет. Себебі соңғы кезде ғаламтор арқылы БАД-ты дәрігердің рұқсатынсыз тұтынып, денсаулығын құртып жатқандар көбейген. Сұранысқа ие өнімдердің қауіпсіздігі енді қалай тексеріледі? Аяулым Изатқызы айтады.
АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
«Денсаулыққа пайдалы», «жасыңызды ұзартады» деген жарнамаға сеніп, биологиялық қоспаны шектен тыс тұтыну трендке айналды. Бірақ тексерілмеген өнімнің ем орнына дерт жамайтынын көбі ұға бермейді. Оның құрамында не бар, ағзаға қаншалықты қауіпсіз екенін ешкім тексеріп жатқан жоқ.
Елорда тұрғыны Нұрила да әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, иммунитетті көтеретін әрі ағзаны тазалайды деген биологиялық белсенді қоспаны сатып алған. Өндірушінің уәдесіне сеніп, өнімді бір ай бойы тұрақты пайдаланады. Дегенмен арада бірнеше апта өткенде денсаулығы күрт нашарлап, денесін бөрту басады. Ақыры жағдайы ауырлаған соң жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған.
НҰРИЛА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Әлеуметтік желідегі жарнамаға сендім. «Толығымен табиғи өнім, иммунитетті көтереді, ағзаны тазалайды» деген соң, ойланбастан сатып алдым. Алғашқы аптада ештеңе байқалмағандай болды. Бірақ екінші аптада басым айналып, жүрегім айнып, бүкіл денемді қышыма бөрту басып кетті. Кейін ішім қатты түйіліп ауырған соң, шыдай алмай жедел жәрдем шақырдым. Дәрігерлер ағзаның, әсіресе бауырдың қатты уланғанын айтты. Жазыламыз деп жүріп, өзімді ауруханадан бір-ақ шығардым. Енді ешқашан тексерілмеген қоспаларды ішпеймін.
Мұндай мәселелерге тосқауыл қою үшін 1 қыркүйектен бастап елімізде БАД өнімдеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Бұл жүйе өнімнің қауіпсіз әрі заңды екенін смартфоныңыздағы «Naqty Önim» қосымшасы арқылы бірден тексеруге мүмкіндік береді.
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:
Цифрлық таңбалау шеңберінде өнімнің әрбір бірлігіне бірегей Data Matrix коды беріледі. Код қаптамаға түсіріліп, тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторының жүйесінде тіркеледі. Бұл өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап дүкен сөресіне дейінгі барлық кезеңдердегі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді.
Таңбалау жүйесі заңсыз тауарлардың шекара асып, сөрелерге жетуіне жол бермейді. Арнайы коды жоқ өнімдер автоматты түрде заңсыз деп танылмақ. Ал өндірушілер мен импорттаушылар үшін кодты қолданудың да өзіндік ережесі бар.
БАУЫРЖАН МЫРЗАТАЕВ, TAÑBA БІРЫҢҒАЙ ТАҢБАЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ ОПЕРАТОРЫНЫҢ ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:
Таңбалау және қадағалау қағидаларына сәйкес, таңбалау кодын қаптаманың нақты қай жеріне орналастыру керектігі және оның өлшемдері туралы арнайы талаптар бекітілмеген. Ең басты талап - таңбалау коды машина арқылы, яғни 2D-сканер немесе деректерді жинау терминалы арқылы оқылуы тиіс.
Айта кетейік, 1 қыркүйекке дейін нарыққа кірген ББҚ өнімдерінің қалдықтарын жарамдылық мерзімі аяқталғанша сатуға рұқсат беріледі. Ал одан кейін келетін әрбір бірегей қаптама тек цифрлық кодпен ғана сөреге шығуы тиіс. Талапты бұзғандарға қатаң айыппұл қарастырылған.