Ұстазға гүл сыйлауға бола ма?

  • AstanaTV
  • 31 тамыз 2026

Күні ертең алғашқы қоңырау соғылады. Ұстаздардың құшағы гүлге толады. Құрмет көрсету керек екен деп шамадан артық шапқылап кететіндер бар. Көрпесіне қарай көсілу керектігін естен шығарады. Балам қатарынан қалмасын деп қарызданады. Желідегі бәсекелестік сөзіміздің айғағы. Министрлік алдымен мәлімдеме жасады. Бүгін тағы үндеу жариялады. Жұрт шуласып жатқан мәселені Айғаным Тұрысбек түсіндіріп береді.

1 қыркүйекте ұстазға гүл сыйлау көптен қалыптасқан дәстүр. Алайда соңғы жылдары бұл үрдіс ата-аналар арасында бәсекеге айналған. Биыл да гүл дүкендерінде дайындық қызу жүріп жатыр.  Өткен аптаның аяғындағы Оқу-ағарту министрлігінің гүл сыйлауға болмайды деген мәлімдемесі көпті таңғалдырды.

ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Біз тиісті хаттарды жергілікті атқарушы органдарға жолдадық. Мектеп қабырғасында гүл немесе қандай да бір сыйлық беруге болмайды. Мұны біз арнайы атап көрсеттік. Сондықтан бұған қажеттілік жоқ

Министрліктің бұл мәлімдемесінен кейін ата-аналар «гүл алсам ба, әлде алмасам ба?» деп екіұдай күйде қалған. Әркімнің мүмкіндігі мен таңдауы әртүрлі.

БЛИЦ:

- Менде 8 бала бар. Кішігірім қуанту үшін гүл беруге қарсы емеспін.

- Мұғалімге гүл беру оқушының міндеті емес. Барлық ата-анамен қосылып 15 мыңға бере алам.

- 2 ұстазына 2 гүл алып жатырмын. 30 мың теңге көлемінде шықты. Қуанту үшін өзім беремін.

Жұрт түсінбей түрлі пікір тарағасын министрлік бүгін тағы үндеу жариялады.

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ:

1 қыркүйекте ұстазға гүл сыйлау жақсы дәстүр. Алайда ол міндетке, жарысқа немесе артық шығынға айналмауы тиіс. Ең бастысы гүлдің көлемі немесе бағасы емес, баланың ұстазына деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау әр бала мен ата-ананың ерікті таңдауы болуы керек.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Мына үлкен әрі әдемі букеттің бағасы - 50 мың теңге, ал мына қарапайым гүл шоғы - 9 мың теңге тұрады. Көріп тұрғанымыздай, ұстазға деген құрметті білдірудің бағасы әртүрлі болуы мүмкін. Міні, министрлік те дәл осыған баса мән беріп отыр: гүлдің бағасы мен көлемі емес, баланың ұстазына деген шынайы ықыласы маңызды. Қымбат сыйлық пен даңғазалыққа жол берілмеуі керек. Сондықтан 1 қыркүйекте гүл сыйлау міндет емес, ата-ана мен баланың ерікті таңдауы. Мен мына гүлді аламын.