Екібастұз қаласына қарасты Атығай ауылында су жаңа мектеп ашылды

Екібастұз қаласына қарасты Атығай ауылында жаңа мектеп ашылды. Білім ордасы 120 оқушыға арналған. Бұған дейін балалар 40 жылға жуық уақыт ескі балабақша ғимаратында білім алып келді. Жаңа оқу жылының қарсаңында ауыл балалары жаңа мектепте оқитын болады. Мектептің салынуына «KAZ Minerals Bozshakol» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйытқы болды.

Атығай ауылында бұрын мектеп ғимараты болмаған. Ауыл балалары өткен ғасырда салынған ескі балабақшада білім алды. Көнетоз нысан өте тар, ыңғайсыз болатын. Сондықтан да, спортзал, акт залы деген атымен болмаған.  Ал жаңа салынған мектепте оқушылардың толыққанды білім алуына жағдай жасалынған.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Балалар жаңа нысанда жаңа жетістіктерге жетеді деп үміттенеміз. Осы білім ордасының, білім шаңырағаның ішінен талай біздің мемлекетіміздің білікті білімді де сауатты азаматтары шығады деп сенемін.

Жаңа мектеп заманауи кабинеттермен, құрал-жабдықтармен қамтылған.  Оқушылардың  зерттеу жұмыстарына жасауына арналған  STEM зертхана, мультимедиялық құрылғылар, интерактивті тақта бар.  Ең бастысы оқушылар үшін спортзал мен акт залы салынған.  Бұл балалардың спортпен шұғылданып,  шығаршашылық қабілетін шыңдауға таптырмас мүмкіндік.

АЯУЛЫМ ФЕСТИВАЛЬ, АТЫҒАЙ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

Мектепте кабинеттердің бәрі жеткілікті. Мектеп өте қатты ұнайды. Спортзал үлкен. Би кабинеті бар. Мен осы мектепте оқығаныма өте қуаныштымын.

ЖАНАТ БИЯШХАН, АТЫҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әрине, таң қалып отырмыз осындай керемет мектеп салып бергеніне. Қаншама жыл айтып келдік бізге жаңа мектеп берсін деп. Біздің ана ескі мектептің жағдай қандай болғанын көріп жүрдік. Біз қаншама жыл жалоб жасап жүрдік. Соны жерде қалдырмай бізге тез арада салып бергеніне, 1 жылдың ішінде салынып біткеніне өте қуаныштымыз.

Жаңа мектеп толықтай «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС демеушілігімен салынды. Бұндай игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

ДЖОНАТАН РАО, «KAZ MINERALS BOZSHAKOL» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жобаға «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС 1,5 млрд теңге инвестция салды. Мектеп 120 оқушыға арналған.  Өздеріңіз көріп отырғандай оқу ордасы заман талабына сай салынған. Балаларға бұл жерде оқу жайлы әрі көңілді боларына сенімдімін. Қазақстанның болашағы – бұл балалар. Сондықтан да, біз үшін балаларды қуантудан артық дүние жоқ.

Мектептің аумағы мың жарым шаршы метрді құрайды. Биылғы оқу жылында ауылда 127 оқушы  оқитын болады. Ауыл халқы жаңа мектеп салынғанына дән риза