Алаяқтардың сөзіне сенген ер адам 13 миллион теңге несие алмақ болған

ІІМ

Алматы облысында полицейлер телефон алаяқтарының ықпалына түскен тұрғынды 13 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылып қалудан сақтап қалды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ер адам алаяқтардың психологиялық қысымына түсіп, олардың айтқанын орындаған. Ол туыстарынан жасырынып, телефон қоңырауларына жауап бермей, бірнеше банктен несие алуға әрекет жасаған.

Күдікті әрекет туралы ақпарат алаяқтық қоңырауларды анықтайтын арнайы жүйе арқылы полицияға түскен. Тәртіп сақшылары ер адамның әйелі мен балаларын тауып, жағдайды түсіндірген. Туыстары банктерге дереу хабарласып, несиелердің рәсімделуіне тосқауыл қойған.

Кейін полицейлер ер адамды өндірістік база аумағынан тапқан. Алайда ол сол сәтте де бейтаныс адамдардың сөзіне сеніп, полиция мен өз ұлының ескертуін қабылдамаған.

Тек 13 миллион теңгеден астам қаражатты алаяқтарға беруге аз қалғанын түсінген соң ғана жағдайдың мән-жайын ұққан.

ІІМ дерегінше, бір тәуліктің ішінде Алматы облысында осыған ұқсас 13 алаяқтық әрекеттің жолы кесілген.

Соңғы үш жылда еліміз бойынша 1 152 интернет-алаяқтық фактісінің алдын алынып, азаматтардың 1,5 миллиард теңгеден астам қаржысы сақталып қалған. Сондай-ақ алаяқтардың шетелге 2,7 миллиард теңге аударуына тосқауыл қойылып, жәбірленушілерге 5,6 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылған.

ІІМ тұрғындарға бейтаныс адамдар несие рәсімдеуді, ақша аударуды, қосымша орнатуды немесе әңгімені жақындарынан жасыруды талап етсе, байланысты бірден тоқтатуға кеңес береді. Мұндай жағдайда банкке немесе полицияға тікелей хабарласқан жөн.