Кипр жағалауында жолаушылар кемесінің аударылуы салдарынан жеті адам қаза тапты
Жергілікті биліктің мәліметінше, кемеде барлығы 267 адам болған. 237 жолаушы құтқарылған, тағы 23 адам іздестіріліп жатыр.
Катамаран үлгісіндегі кеме Кирениядан Түркияның Мерсин провинциясындағы Ташуджу портына бағыт алған. Жағалаудан шамамен төрт миль қашықтықта кеме су ала бастаған. Кейіннен ол аударылып кеткен.
Құтқару жұмыстарына жағалау күзетінің катерлері, тікұшақ, азаматтық кемелер мен қайықтар жұмылдырылған. Алайда оқиға орнындағы қатты толқын іздеу-құтқару жұмыстарын қиындатып отыр.
Кирения портында жедел жәрдем көліктері мен медициналық шатыр дайындалды. Ауруханалар жоғары дайындық режиміне көшірілді.