Есірткі бизнесіне тартқан халықаралық желі әшкере болды

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2026

«Заңды әрі жоғары жалақысы бар жұмыс». Дәл осындай хабарландырумен азаматтарды арбап, есірткі сатуға мәжбүрлеген халықаралық қылмыстық топ әшкере болды. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі бір жылдан астам уақыт бойы жүргізілген аса құпия, ауқымды арнайы операцияны сәтті аяқтады. Еліміздің полицейлері шетелдің құқық қорғау органдарымен бірігіп, халықаралық есірткі желісінің тас-талқанын шығарды. Қылмыскерлер «табысты жұмыс» деп хабарландыру беріп, азаматтарды алдап тартып отырған. Алайда оңай ақшаға сенгендер Call-орталық операторынан бастап, есірткі зертханасының химигі, курьер, тіпті у қоймасының қызметкері болып бір-ақ шыққан. Сұмдығы сол - бұл жүйеге бір кірген адам қайтып шыға алмаған. Есірткі саудасынан бас тартқысы келгендерді аяусыз соққыға жығып, қомақты айыппұл салып, заңсыз қамауда ұстаған. Операция барысында полицейлер Киевте 70-тен астам тінту жүргізіп, есірткі Call-орталықтарының тамырына балта шапты. Тәркіленген айғақтар арқылы Telegram-дағы 31 есірткі дүкені мен жүздеген күдікті анықталды. Ал маусым мен шілде айларында осы желінің Қазақстан аумағындағы мүшелері құрықталды. Қорытынды кезеңде Украинаның бес облысында арнайы операция өтіп, 24 келі синтетикалық есірткі мен мыңдаған дайын пакеттер тәркіленді. Нәтижесінде халықаралық синдикаттың 7 басты серкесі ұсталып, 9 адамға ресми айып тағылды.