ШЫҰ елдерінің Бірыңғай транзит цифрлық платформасы құрылмақ

«Бір белдеу, бір жол» мегажобасы. Шанхай ынтымақтастық ұйымына  мүше елдердің Бірыңғай транзит цифрлық платформасы құрылмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан астанасында өткен кеңесте осындай бастама көтерді.  Сондай-ақ ұйымның Даму банкінің штаб-пәтерін Қазақстан аумағында ашуға дайын екенін жеткізді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Әуелде бестіктің бірегей бірлестігі ретінде құрылған қоғамдастыққа бүгінде Еуразияның қуатты 10 мемлекеті мүше. Халықаралық қатынас шиеленісіп, геосаясатта бақталастық басым түскен сәтте ынтымақты ту еткен мұндай институттардың маңызы артып отыр. Шанхай ұйымының қызметі ешбір мемлекетке қарсы  бағытталмаған. Ал одақтастар бір-бірінің ішкі мәселесіне араласпайды. Ортақ мақсат – прогресс жолында тізе біріктіру. Қазақстан Президенті бұл жолы қауіпсіздік саласындағы өзара сенімді нығайтуға шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еуразия құрлығындағы стратегиялық тұрақтылық және сенім шаралары бойынша министрлер деңгейіндегі ШЫҰ конференциясын өткізу қажет деп санаймыз. Аталған іс-шараның күн тәртібінде әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселесін талқылауға болады. Әсіресе, қарулы қақтығыстардың салдары көбіне әскери іс-қимыл аймақтарынан тысқары жерді шарпып, халықаралық нарықтарға, коммерциялық кеме қатынасына, орнықты энергетикалық және көлік байланыстарына нұқсан келтіріп жатқаны алаңдатады.

Есірткі тасымалы, заңсыз қару-жарақ айналымы мен трансұлттық қылмыс белең алып келеді. Оған енді киберқауіп қосылды. Мемлекет басшысы «Үш зұлым күш» - терроризм, экстремизм мен сепаратизмге қарсы күрес  ұйымның басым бағытының бірі болап қалатынын еске салды. Шанхай ұйымы  елдерінің өзара тауар айналымы 1 трлн долларға таяу.  Дегенмен экономикалық мүмкіндіктерді толық пайдалана алмай отырмыз, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

ЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ресурстық, өндірістік және технологиялық әлеуетін барынша пайдаланып, жаңа өсім бағыттары мен орнықты іскерлік байланыстарды түзу маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігі қалыптасқанын қалайды. Кедергілері мейлінше аз, цифрлық процедуралар мен көлік-логистикалық байланыстары дамыған орта құрып, уағдаластықтардан нақты бастамаларға көшу керек деп санаймыз.

Мемлекет басшысы ШЫҰ Даму банкін құру туралы идеяны қолдайтынын,  оның штаб-пәтерін Қазақстанда ашуға дайын екенін жеткізді. Трансшекаралық сауда аймақтарын ашып, тауар алмасудың оңтайлы тәсілдерін енгізетін кез келді. Сондай-ақ есеп айырысудың цифрлық шешімдерін сынап көру маңызды. Еуразияның заманауи көлік-логистикалық қаңқасын құруды да көш кейіндетпеу керек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азияның перспективті сауда жолдарымен ұштастыруға баса мән береді. Еліміз көлік саласындағы бастамаларды Шанхай ынтымақтастық ұйымы аумағында ілгерілетуге әзір. Ол үшін кеден рәсімдерін цифрландырып, электрондық құжаттарды өзара тану, «жасыл дәліз» қағидатын және басқа да заманауи тетіктерді қолданған жөн.

Ұйым аясында бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру жүктің кедергісіз өтуіне жол ашар еді. Сондықтан Президент 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Жасанды интеллект бойынша да ортақ желі құру уақыт талабы. Бұған 10 елдің ғылыми мекемелері мен университеттері ынтымақтасуы керек. Ал ұйымды реформалау сыртқы саясат ведомстволарына жүктеледі.