Бүгіннен бастап шетелден көлік әкелу тәртібі өзгерді

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2026

Қазақстанға шетелден көлік әкелу тәртібі қатаңдатылмақ. Бұған елге заңсыз жолмен кіретін көліктердің көбеюі себеп. Арасында шетелде іздеуде жүрген, өзге көліктің құжатымен сатылған немесе ұрланған автомобильдер де бар. Ал көлік сатып алғанда қандай талаптарды ескерген жөн? Алаяқтарға алданып қалмау үшін нені тексеру керек? Сержан Айтжан айтсын.

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Бүгіннен бастап шетелден көлік әкелу тәртібі қатаңдайды. Әсіресе құжаттары толық емес немесе шығу тегі күмәнді «сұр көліктерді» тіркеу қиындай түспек. Сондықтан көлік сатып аларда оның құжатына мән бергеніңіз жөн.

Шетелден көлік әкеліп міну әсіресе 2018 жылдары кең етек алды. Бұған Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жеңілдіктер әсер етті. Азаматтар Армения мен Қырғызстан секілді одақ елдерінен көлікті салыстырмалы түрде арзан алды. Бұл үрдіс 2015 жылдан кейін, яғни Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы кедендік бақылау жойылғаннан кейін күшейді.

САНАТ НҰРБАЙ, АВТОСАРАПШЫ:

Перебитый винкод дейді. Угондағы ұрланған көліктер. Сол жақта арестта тұрған көліктерді әртүрлі құйтырқы жолмен, алаяқтық жолмен алыпсатарлар кіргізіп жіберді. Қазір енді соның зардабын халық шегіп жатыр. Сатайын десе сата алмайды. Бұрынғыдай емес, қазір барлығы ақылды. Түрлі оның ұрланған ұрланбағанын, бүкіл тарихын тексеретін сайттар бар. Түрлі компьютерлік жұмыстар бар.

Жеке тұлға көлікті жеке пайдалану үшін импорттай алады, бірақ бір көліктен артық әкелсе,ол коммерциялық қызмет ретінде тіркелуі керек. Сондай-ақ, ресми дилерлер көлікке кепілдік берсе, алыпсатарлар кілтті қолыңызға табыстағаннан кейін ғайып болуы мүмкін.

АЛЕКСЕЙ АЛЕКСЕЕВ, АВТОСАРАПШЫ:

Олар Қытайдағы көлік сатушысы мен Қазақстандағы сатып алушыны байланыстырып, көлікті рәсімдеуге көмектеседі. Ал ресми дилерлер кеңсе не автосалон ашып, заң талаптарына сай өзінде бар көліктерді сатады. Сондықтан олардың бағасы алыпсатарларға қарағанда қымбатырақ. Бірақ кейбір кәсіпкерлер салық пен басқа төлемдерді айналып өту схемаларын қолдануы мүмкін.

Иә, сан айланы пайдаланып, сан соқтырғысы келетіндер бар. Салықтан жалтарып, заңды елемейтіндердің зияны мемлекетке де, бұқараға да тиіп жатыр. Ал ол енді бір салаға жүйеленеді.

ҰЛДАНА СҮЛЕЙМЕН, МКК ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС ХАТШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

1 қыркүйектен бастап көлік құралдарын әкелу мақсатына қарай олардың кедендік декларациялау тәртібін ажырату көзделеді. Жеке пайдалануға арналған көлік құралдары жолаушыларға арналған декларацияны қолдану арқылы, ал жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар коммерциялық мақсатта әкелетін көлік құралдарын тауарларға арналған декларацияны қолдану арқылы рәсімдейтін болады.

Өзгерістер енгенде, халықтың көлік бағасына алаңдағаны рас. Алайда Қостанай, Саран және Алматыдағы автомобиль өндірушілер қарқынды жұмыс істеп жатыр. Жаңа жүйе халық пен салықты қатар ойлап, отандық өндірістің өркендеуіне де жол ашады.