Бүгін еліміз бойынша 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2026

Бүгін еліміз бойынша 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жаңа оқу жылында білім беру саласында түбегейлі өзгерістер бар. БЖБ мен ТЖБ алынып тасталып, енді оқушының алған білімін іс жүзінде қолдану қабілетіне басымдық беріледі. Сондай-ақ мектеп бағдарламасына «Конституция негіздері» мен «Заң мен тәртіп» курстары енгізіліп, «Цифрлық сауаттылық» пәні жасанды интеллект бағытымен толықты. Инфрақұрылымды жаңарту да басты назарда. Президенттің бастамасымен іске асқан «Келешек мектептері» жобасы аясында үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толық шешілді. Жаңа үлгідегі мектептер бұрынғыдан кең әрі заманауи STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту цифрлық форматқа көшірілді. Бала қауіпсіздігі мен тәрбиесі де назардан тыс қалмады. 1 қыркүйектен бастап мектептерде «Жеке қауіпсіздік» курсы оқытыла бастайды. Бұдан бөлек, «Кітап оқу мәдениетін дамыту» Жарлығына сәйкес, мектептерде цифрлық кітапханалар мен «Тұлғатану» жобасы белсенді дамып келеді.