Батыс Қазақстан облысында апатты жағдайдағы мектептер мәселесі оңымен шешіліп, 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Енді ауылдардағы 600-ден астам оқушы тозығы жеткен ғимаратта емес, заманауи оқу орнында білім алады.
Бәйтерек ауданының Озерное елді мекеніндегі жалғыз мектеп 65 жыл бұрын салыныпты. Тозығы жеткен ғимараттың орнына биыл 108 орындық жаңа білім ошағы бой көтерді. Президент тапсырған апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі облыста осылай шешіліп жатыр.
ҚАЙЫРЖАН МЕҢДІҒАЛИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Соңғы үш жылда облысымызда 38 мектеп ашылды. Олардың көбі ауылдық жерде орналасқан. Ауыл мен қала оқушыларының арасында айырмашылық болмауын міндеттеген мемлекет басшысының тапсырмасы осылай орындалып жатыр.
Ескі мектептен ересек өмірге қадам басқан аға буын өкілдері балаларының жаңа мектепте оқитынына дән риза. Ауылдықтар мұны ұзақ күткенін айтады. Өйткені жаңа ғимаратта балалардың сапалы білім алып, спортпен де шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
ОЛЬГА АҚҚАЛИҚЫЗЫ, ТҰРҒЫН:
Мектеп өте жақсы. Өзімде төрт бала болды, бәрі ескі мектепте оқыды. Қазір қызымның баласы осында оқиды. Өте жақсы мектеп, барлығын қарап шықтық. Әдемі, бәрі аппақ. Тек балалар осында жақсы оқысын.
Соңғы үш жылда өңірде 38 мектеп салынып, апаттық күйдегі мектептер айтарлықтай азайды. Сонымен қатар үш ауысымдық білім ошақтарының мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді.