Атырауда кәмелетке толмаған кезінде 17 жастағы қызды жыныстық қатынасқа мәжбүрледі деген ер адамға қатысты қылмыстық істің тоқтатылуына байланысты дау туындады
Жәбірленушінің айтуынша, ер адам оны жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген. Кейін қыз жүкті екенін білген. Осыдан соң ер адам оған үйленуді ұсынған. Алайда ол кезде азаматтың заңды әйелі және алты баласы болған.
Қыздың сөзінше, кейін ер адам оған күш қолдана бастаған. Осы жағдайлардың бірінен кейін ол полицияға арызданған. Алайда ер адамның әйелі кешірім сұраған соң арызын қайтарып алған.
Жәбірленуші құқық қорғау органдарына жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа қатысты бірнеше рет жүгінгенін айтады. Оның сөзінше, соңғы рет тамыз айында арыз жазған. Кейін қылмыстық істің тоқтатылғанын білген.
Қазір жәбірленуші 18 жаста. Ол болған жағдайды ұзақ уақыт бойы отбасы мүшелерінен жасырғанын айтады. Кейін құқық қорғаушыдан көмек сұраған.